Tayyab Journal / QAZ

Исламдағы сауда негіздері

Адамның қандай жолмен болса да, мейлі ол сауда жасасын, мейлі кәсіп қылсын, еңбегін сатсын, әйтеуір маңдай терімен табыс табуы қалыпты құбылыс. Десе де, табыс табудың адал жолынан таймаған абзал. Осы тұрғыда Алла Тағала адамзат баласына жолбасшы ретінде Пайғамбарды жіберген, шариғат жолын нұсқаған. Шариғат заңдылықтары құлшылық-ғибадатты ғана емес, сауда мәселелерін де қамтиды. Енді, біз сауда-саттықтың негіздері жайлы қысқаша түсіндіре кетпекпіз. 
Шариғат тұрғысынан сауда дегеніміз не? 
Оның өз талаптары, шарттары бар. Сауданың да өзіндік анықтамасы, шариғаттағы негіздері, саудамен айналысатындар үшін шарттары, келісімшарттары, сатылатын тауарға қойылар талаптары  бар. Оларға қысқаша тоқталатын болсақ, сауда – «مبادلة شيء» – «бір нәрсені айырбастау» немесе «مبادلة المال بالمال بالتراضي», «бір бағалы затты екінші құнды затқа екі жақтың ризашылығымен айырбастау» дегенді білдіреді. 
Осыдан біз сауданың алғышарты — сатылатын заттың құнды болуы қажет екенін байқаймыз. Бұл турасында кейінірек тарқатайық. 
Ал, жалпы, Құранда Алла Тағала сауда жасауды рұқсат еткендігі баяндалады. 

{وَأَحَلَّ اللَّـهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا ۚ}


«Алла Тағала сауданы халал, өсімді харам етті» (2:275).

 Ханафи мәзһабы бойынша сауданың негізгі рүкні (тірегі): «الإيجاب و القبول» «ижаб» және «кабул». 
«Иджаб» және «кабул» дегеніміз не?
 «Иджаб» пен «кабул» дегеніміз — екіжақты мәмілеге қатысты шарттар, яғни, келісімшарт жасаған адамдар мен олардың сатып отырған дүниесіне қатысты.  
«Иджаб» – сауда мәмілесін алғаш бастаған адамның, яғни сатып алушының немесе сатушының (тілдік мағынасы: «ұсыныс») сөздері немесе әрекеттері.
«Кабул» - бірінші тараппен мәміленің жалғасы, мысалы, ұсынылған бағамен келісу, ұсынысты қабылдау (тілдік мағынасы: «келісім»). Шариғатымызда сауда мәмілесі «ижаб» және «кабул» деген екі бөлімнен тұрады. 
Бұл екіжақты келісімге қатысты шарттар.
Жоғарыда айтқанымыздай, сатып алушы мен сатушыға қойылатын талаптар (1), мәмілеге қойылатын талаптар (2) және сатылатын өнімге қойылатын талаптар (3). Бұл үш нәрсенің де саудаға тікелей қатысы бар. Олардың әрқайсысына қысқаша тоқталайық.

(1) Сатып алушы мен сатушыға қойылатын талаптардың біріншісі: «أهلية»«жарамдылық», яғни ақылға қонымды, мәміле жасауға қолайлы жағдайда, ақыл-есі дұрыс болу. Бұл жағдайда мұсылман немесе басқа діннің өкілі болу ерекше рөл атқармайды. Сауда-саттық мұсылман мен мұсылман емес, мұсылман мен мұсылман, қарт пен жас арасында және керісінше болуы мүмкін.
Демек, сатушы мен сатып алушының негізгі шарты – сау ақылға ие болу. Балиғат жасына жету шарт емес, өйткені баланың ақыл-ойы озық болса, жақсы мен жаманды айыра алса, яғни ақшаны дұрыс пайдалана білсе, ондай жағдайда мейлі ол жас болсын, кәрі болсын, мұсылман болсын, мұсылман емес болсын, саудаға қатыса алады. Бұл шариғатымызда саудаға тікелей қатысы бар сатушы мен сатып алушыға қойылған шарт.

(2) Енді «ижаб» және «кабулға» қатысты мәмілеге қойылатын талаптарды тарқатайық. 
Бұл «ижаб» пен «кабулдың» бір-бірімен үндесуі.
 Мысалы, сатушы: «Мен бұл кітапты 2000 теңгеге сатамын» деуі мүмкін, ал сатып алушы «сізден 1500 теңгеге аламын» деп тұрып алса, «ижаб» пен «кабул» арасында өзара байланыс орнамайды. Мұндай сауда орынсыз, дұрыс емес саналады. Сондықтан, екіжақты ымыраға құрылмаған бұл сауданы «бұзылған» деп таниды. 
 2000 теңгенің орнына 1500 теңге берсе, сатушының көңілінде сызат қалып, ренжіуі мүмкін. Сол себепті, сауда барысында екі тарап та бірдей мәмілеге келуі тиіс. Сөзбен, бағамен, ықыласпен, ырзалықпен ымыраға келген жағдайда ғана сауда сәтті жүрді деуге болады. 
Жоғарыда айтылған сауда анықтамасындағы «екі жақтың ризашылығымен бір құнды затты екінші құнды затқа айырбастау» деген осы. Мәміле барысында екі жақтың да разылығы шарт болып табылады, яғни, «ижаб» пен «кабул» бір-бірімен сәйкесуі қажет.

(3) Сатылатын затқа қойылатын талаптар мыналар: заттың қолда болуы (сатушының меншігінде болуы), белгілі бір құны болуы және меншік болуы керек. Фиқһ ғалымдарының пікірінше, мүлік: «ما يميل إليه الطبع» - «адам болмысын өзіне тартатын нәрсе», адамдарға қажетті заттар болып саналады. Мысалы, көшедегі жасыл шөп немесе теңіздегі су, шын мәнінде, тегін болғандықтан, адамдар үшін аса құнды дүние ретінде танылмайды. 

Сол сияқты көшеде жатқан тастың да құны жоқ. 

 Кез келген зат құндылыққа ие болу үшін ол өзгеге маңызы болуы тиіс және сол адамның меншігінде болуы маңызды (яғни, зат қолында тұруы). Мысалы, ауада қалқып жүрген құсты немесе теңізде немесе көлде жүзіп жүрген балықты сату дұрыс емес, ақылға қонымсыз. 
Қорытындылай келсек: сатушы мен сатып алушыға қойылатын талап — құқықтарының тең болуы және ақылмен шешім шығаруы. Ақ пен қараны ажырата алмайтын немесе ақылы толыспаған баламен жасалған сауда жарамсыз. 

Демек, мәмілеге қойылатын «ижаб» және «кабул» талаптары өзара үндесуіне назар аударуымыз қажет: айталық, сатушы кітаптың құнын 2000 теңге деп белгіледі, осы бағаға сатып алушы қанағаттанып, құп көрсе, ойланбастан кітапты сатып алады. 

Сатылатын затқа қойылатын талаптар – қолда тауардың болуы, белгілі бір құнының болуы және бұл затты сатып алушының меншігіне беру мүмкіндігі. Мысалы, жоғарыда айтылғандай, аспандағы жабайы құс немесе сатушы бақылауға алмайтын теңіздегі балық саудаланбайды. Бірақ үй алдындағы тордағы құсты немесе аквариумдағы балықты сатуға болады, өйткені сатушы затты сатып алушыға бере алады.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы қысқаша сипатталған сауда негіздеріне қатысты, өйткені ислам ғұламаларының кітаптарының көптеген томдары тіпті сауданың бір саласына арналған, сондықтан ең негізгісін көрсеттік. 

Барша шариғат заңдылықтарына сай, дұрыс сауда жасауды Алла нәсіп етсін! Адал саудамызға Алла берекесін берсін!

سبحانك اللهم و بحمدك، أشهد أن لا إله إلا أنت, أستغفرك و أتوب إليك!


Сілтеме: azan.kz