Tayyab Journal / QAZ

Шүкіршілік құдіреті

Адам баласының бақытты ғұмырының сыры шүкір мен алғыстан бастау алатынын осы күнгі ғылым да дәлелдеп отыр. Егер, өміріміз өзгерсін десек, дәл қазірден бастап әр нәрсеге ризалық танытуымыз қажет. 

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде кім ауқаты мен сымбаты өзінен асып түскен жандарды көрсе, дәл солай, өзінен деңгейі төмен жандарға да назарын салсын». Бұл хадистің тағы бір нұсқасында:  

«Деңгейі өзіңнен төмендерге қара, дәулеті асып түскендерге көз қырын салушы болма. Сонда ғана Алланың саған нәсіп еткен рызығына қанағат қыласың, бұйырмағанды дәметпейсің» (Бұхари, Муслим).

Шүкірлікті Алла Тағала әу баста адамның рухына салған, сондықтан, алғыс білдіру адам табиғатының ажырамас бір бөлігі (фитра) болып табылады.

Әлде біреу қамқорлығын танытып, сый-сияпатын тарту етсе, жан дүниемізді алғыс сезімі кернеп, бар ықыласымызбен риясыз құрмет көрсетеміз. 

Ал, алғыстың ең биігі — Жаратушымыз Алла Тағалаға шүкірлік ету болса керек, әйтсе де, осы өмірдегі барлық нығметті үйіп берсе де адам баласы оның құнын жете түсінбей, шүкірлік ете алмай жатады. 

«Бірақ құлдарымның арасында шүкір етушілер аз» (34:13).

Адам басына сынақ келгенде, жүйкесі сыр беріп, стресске түседі, соның салдарынан мидың үштен бір бөлігінің қызметі баяулап, жан-жақты көру, саралау, бағалау қабілетінен айырылады (мұны ғылым дәлелдеп отыр). Сол себепті, адамның көз алдында тек қана қиындық тұрады, тұңғиықтың түбіндегі сәулені сезуге сананың қауқары жетпейді. Өмірі тұтастай қиындыққа тұнып тұрғандай күй кешеді. Бірақ, Алланың әр таңда нәсіп ететін игілігіне назар аударсақ, нығметінің қаншалықты шексіз екенін түсінер едік. 

 Алла Тағаланың өзі Құранда:

وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ وَإِن تَعُدُّواْ نِعْمَتَ اللّهِ لاَ تُحْصُوهَا إِنَّ الإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ


Мағынасы: «Алланың нығметін санасаңдар, санап тауыса алмайсыңдар» дейді (14:34).

Бар назарымыз тек қиындық пен ауыртпалықтың шеңберінен аса алмағандықтан, біз келіп жатқан игілігімізге қанағат тұтпай, Жаратушыға өкпе артамыз. 

Ал, Алла Тағала Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге берген несібемді міндетті түрде арттырамын» деген (14: 7), Осылайша әрбір шүкірлік Алланың нығметтерін арттырады және бұл айқын дүние.  

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, адам неғұрлым көбірек алғыс айтқан сайын, соғұрлым несібесі көбейеді. 

Алланың хикметі шексіз.

Алғыс айту — Пайғамбарымыздың ( оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті әрі сүйікті ісі, сондықтан өмірде қол ұшын созған әрбір адамға алғыс білдірген абзал, бұл жайлы бір хадисте:  

«Адамдарға алғыс білдірмеген пенде Аллаға да шүкіршілік етпейді» (Имамдар Ахмад, Әбу Дауд, ат-Тирмизи) дейді. 

«Адамға алғыс айту — Аллаға шүкіршілік ету» деген сөздің мәні зор, өйткені, адамдарды себеп қылып, Жаратушының өзі жақсылық жасайды, адамдардың бір-біріне қамқорлық етуіне мүмкіндік береді. Ал, адам саналы түрде жақсылық жасауды жөн көрсе, демек, ол өзіне берілер несібесін қабылдауға дайын деген сөз. 

Дін өкілдері болсын, мейлі психологтар, ғалымдар және өмірде үлкен жетістікке жеткен танымал тұлғалардың қай-қайсысы да алғыс білдірудің қаншалықты ғажап сезім екенін жақсы біледі. Алғыс — құдіретті құрал. Алғыстың қуатымен небір ғажайыптар орын алатынын тіпті ғылым да дәлелдеді. 

Зерттеулер нәтижесінде, ғалымдар алғыс сезімінің ми құрылымын өзгертіп, адамды бақытты ете түсетінін және денсаулыққа айтарлықтай оңды әсері барын анықтаған. 

«Егер шүкір етіп, иман келтірсеңдер, Алла сендерді азаптай ма? Расында, Алла шүкір етушілерді марапаттайды және олардың не істегендерін біледі» (4:147).

Тағы бір зерттеу қорытындысына қарағанда, неғұрлым көп алғыс айтатын адамдардың көңілі жайлы, ұйқысы тыныш болады екен, ондай жандар оңайлықпен депрессияға түспейді. 
Бірақ ... «Ал егер шүкірлік етпесеңдер» - яғни, нығметтеріме қарсы болсаңдар және оларды жасырсаңдар, «Расында, Менің азабым күшті» (14:7) делінген Құран аяттарында. 

- Яғни Алла Тағала адамды шүкірсіздігі үшін жазалап, бар несібесінен айырады. 
Хадисте айтылғандай: «Ақиқатында, құл істеген күнәсінің кесірінен мұрасынан айырылады».
Алғыс айту, немесе Рахмет сөзінің мәнін тарқатсақ, «рақым ет!» дегенді білдіреді, осы сөзді айтқан сайын өзіміз де аңғармастан, айналамызды рахымға бөлейміз. 

Иманды Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) әміршісі:
«Егер кімде-кім: «Алланың рахымы жаусын» деген сөздің түпкі мәнін тереңінен ұғынса, бұл сөзді үзбей қайталар еді» дейді. 

Алғыс білдірген сайын біз Ғаламға таза қуат көзін жібереміз, ал ол өз кезегінде бізге жақсы жаңалық, қуанышты хабар, мықты денсаулық сипатында, өмірдің барлық саласында ізгілік боп қайта оралып жатады. 

 Алла Тағала: «Жақсылықтан басқа жақсылық үшін сауап бола ма?» – деді. (55:60).
Бұл өмір заңы, ал ақиқатында, Қасиетті Құран аятында: «Егер шүкір етсеңдер, игілікті еселейміз» деп уәде етілген (14:7).

Алла Тағала бізді шүкір етушілер қатыран жазып, азабынан сақтасын! Әумин.