Tayyab Journal / QAZ

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бізге өсиет еткен 7 өмір сабағы

Алла Елшісіне игілік пен сәлем болсын!

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) тарихтағы ең жетістікті адам болды. Ол (с.ғ.с.) Исламдағы соңғы пайғамбар бола отырып, барша адамзатқа үлгі болып қана қоймай, жетістікке жетудің жолдарын көрсетті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге табысқа жетудің қандай 7 қағидасын үйретті?

Біріншісі – мүмкін болатыннан бастау. Бұл қағида Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайы Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) шешімдердің арасында таңдауға кезіккенде, ең жеңілін таңдайтын» (Бұхари) – деп баяндалған. Ғалым Бадруддин әл-Айни бұл хадиске түсініктеме бере отырып: «Яғни, дүние тіршілігінен жеңілірек нәрсені таңдау», - деген. Ең оңайды таңдау – қолыңыздан келгеннен бастау деген сөз, мұндай адам ақырында өз мақсатына жетеді.

Екіншісі – кемшіліктерден де артықшылықтарды көру. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде Мекке тұрғындары көп күрделі мәселелер мен қиындықтарға тап болды. Бірақ «Расында, әрбір қиындықтан кейін жеңілдік бар» (94:5-6) аяты мүміндерді шабыттандырды. Имам Матуруди өз тәпсірінде: «Шындығында, бір қиындықтың артынан екі есе көп жеңілдік келеді», – дейді.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) үшінші қағидасы – іс-әрекет орнын ауыстыру, бұл пайғамбардың (с.ғ.с.) қоныс аударуымен (хижрамен) байланысты. Бірақ хижра тек пайғамбардың тұрғылықты жерін ауыстыру ғана емес, ол стратегиялық қадам және Исламның таралуы үшін қолайлырақ орын табу болды. Имам Шафиғи Аллаһу та’ала мұсылмандарға қиын жағдайдан шығудың жолын бергенін айтқан.

Төртіншіден, дұшпаныңды досқа айналдыр. Бұл қағида Құран Кәрімде: «Жамандықты жақсылықпен қайтарыңдар, сонда сендермен дұшпан болғандарың сендерге жақын туысқандай болады» (41:34) деп айтылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) істегені – жамандыққа жақсылықпен жауап бергені, бұл кейін достарына айналған оның дұшпандарының жүректерін жібіткен. Имам Нәсафи бұл аятқа қатысты былай деген: «Адамның бір жаман ісіне екі жауабы бар: не кешіреді, әрі жауап бермейді, немесе одан да жақсырақ жауап береді. Екеуі де ең жақсы жауап. Бірақ екіншісі біріншіден жақсырақ»
Бәдір шайқасынан кейін 70-ке жуық пұтқа табынушы тұтқынға алынып, мұсылман балаларына оқу мен жазуды үйрету арқылы бостандықтарын сатып алуға рұқсат етілді. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) он мұсылманға оқу мен жазуды үйретсе, тұтқын азат етілетінін хабарлады. Бұл ислам тарихындағы шәкірттерінің барлығы мұсылман болған, ұстаздары жаудан болған алғашқы мектеп еді. Имам Худори «Нұр әл-иякин» кітабында: «Бәдір шайқасы Исламның дамуы үшін өте күшті фактор болды. Осыдан бесінші принцип шығады – сәтсіздіктен сәттілік алу.

Бейбітшілік күші зұлымдық күшінен әлдеқайда күшті – бұл алтыншы қағида. Мекке жауланған кезде, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың алдына қарсыластары әкелінді. Бірақ пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларды өлтіруді бұйырмады, ол: «Барыңдар, сендер боссыңдар», - деді. Пайғамбардың бұл мінез-құлқының нәтижесі шынымен ғажайып болды –  адамдардың көпшілігі Исламды қабылдады. Имам Худори Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Расында, өшпенділік тек Алла разылығы үшін болуы керек» дегенін жеткізген.

Жетінші қағида – біртіндеп іске асыру. Бұл – пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бейнелеген Ислам қағидасы. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскен Құранның алғашқы аяттары жәннат пен тозақ туралы болды. Осыдан кейін бір сәт тыныштық орнады. Ал адамдардың жүрегі жібіп, аяттар адам жанына жеткеннен кейін ғана, зина мен арақ-шарапты тыю туралы келесі аяттар түскен. Және бұл исламның революциялық емес, қоғамды дамытудың эволюциялық, кезең-кезеңімен, біртіндеушілік жолын ұстанатынын дәлелдейді. Бірде Амр ибн Ас айтқандай: «Адамдар өздерінің асығыс әрекеттеріне өкіне береді».

Cілтеме: Islam-Today.ru

Даналық пен нұсқаулар