Хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла разылығы үшін болған достықты «иманның ең ізгі белгісі » деп атаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Көркем мінез бен достық қатынаста бір біріне деген ілтипаты жоғары мүміннің иманы да кемел деп саналады. Ал, достарына қадірі жоқ, өзі де достарына құрмет танытпайтын жандарға жақсылық та жоқ».
Мұсылман баласы – нағыз дос, ізгілік жаршысы болуы тиіс. Өзіне қалаған жақсылықты досына да тілейді, қажет болған жағдайда оны өзінен де артық көреді, өйткені Құранда: «Олар өздері мұқтаж болса да, оларды өзінен артық қадірлейді» делінген (59:9).
Қашанда мұсылман баласы өз досына тек қайырымды амалдар жасауда қол ұшын созып, керісінше, күнәлі істерге бой ұрып, адасып кетуден сақтандырады.
Алла Тағала: «Иман мен ізгілік жолында бір-біріңе жәрдемдесіңдер, зұлымдық пен әділетсіздікте бір-біріңе көмектесуге тырыспаңдар» (5:2).
Аллаһ Тағала: «Қиямет күні тақуа достардан басқалары бір-біріне дұшпан болады» (43:67).
Алла Тағала бұл аятында осы дүниеде ажырамас дос болып, бір-бірін жақсы көргендер о дүниеде өзгеріп шыға келетінін, (керісінше бір-бірін жек көре бастайтынын) және дұшпанға айналатынын хабарлаған.
Мұның барлығы қияметте алдынан шығатын сұмдық азапқа байланысты. Әйтсе де, Алланың қаһарынан қорқып, иманын бекем ұстанатын адал достыққа мұның еш қатысы жоқ, олар қияметте де аралары ажырамастан, шынайы достар болып қала береді. Олар бір-бірінің шарапатын көреді.
Міне, олар Алланың разы болған істерінде бір-біріне қолғабыс ететін жандар. Оларлың тұла бойында ешбір арамдық, сатқындық пен алауыздық атымен болмайды. Бір бірін күнәға сүйреп, жамандыққа тартпайды. Олардың арасын Аллаға деген сүйіспеншілік байланыстырып тұр, және олар Алла разылығы үшін шынайы бауырмал, өзара қамқор.
Бұл нағыз достық, мүміндер арасындағы шынайы қарым-қатынас.
Әбу Ялә мен Абду ибн Хумайд Ибн Аббастан, Аллаһ оларды рақымына алсын, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисін риуаят етеді: олар Пайғамбарға мына бір сауалды қояды: «Уа, Алланың Елшісі, кіммен жақсырақ қарым-қатынас орнатайық? Яғни, кіммен тығыз араласып, кіммен дос болған дұрыс?»
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап береді: «Кімнің жүзін көргенде Аллаға деген иманың күшейе түссе, кімнің сөзін тыңдағанда рухани жаңғырсаң, кімнің амалы қиямет күнін есіңе салар болса, сол адаммен достық қатынасыңды орнат!»
Достарыңды осындай көркем адамдардың арасынан ізде!
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам достарынан үлгі алады, сондықтан әркім өзінің кіммен дос болғанына қарасын» деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мүміндер арасындағы шынайы достық туралы айта келіп: «Мүминдердің бір-біріне деген мейірім, сүйіспеншілік пен қамқорлығын мысалға алсақ, бейне бір тұтас ағза тәрізді: тәннің әлдебір бөлігін сырқат шалса, тұла бойы тұтастай қақсап, қызуы көтеріледі». (әл-Бұхари, Муслим).
Алла бізді қайырсыз достардан сақтасын! Алла Тағала бір-бірімізге деген шынайы, риясыз қарым-қатынасты нәсіп етсін! Әумин!