Құрбан шалу – ислам дініндегі игі дәстүрдің бірі. Алла Тағала Ықыласты құлдарының құрбан шалуын бұйырған және бұл ізгі амал арқылы барша мұсылман баласына Ибрахим (ғ.с)-ның құрбандығы жайлы ескертеді.
Құрбандық шалу кезі:
Зүлхижжа айының оныншы күнінде, мерекелік намаз аяқталғанда басталып, зул-хижжа айының он үшінші күнгі кешіне дейін жалғасады. Егер аталған күндерде түн жарық әрі мал сояр орын дайын болса, құрбан шала беруге болады.
Құрбандыққа қандай мал шалынуы қажет?
Жалпы, құрбандыққа шалынатын кез келген малдың әлдебір кемістігі болмауы тиіс.
Не себепті?
• Біріншіден, бұл адамның Жаратушының алдындағы адал ниетін көрсетеді. «Алла Тағала құрбандықтың етіне де, қанына да мұқтаж емес, оған тек пенденің ықыласы ғана маңызды», бұл туралы аяттарда анық айтылады (22:37).
Осылайша, құрбандыққа жөні түзу мал іздеудің өзі құлшылық саналады.
• Екіншіден, кедей-міскіндерді разы етеді. Кемістігі бар, ақсақ-тоқсақ малдың орнына сау малды беру анағұрлым сауапты іс.
Осындай шынайы ықыласты көрген кедейлер де, өзін қадірлі сезінеді, ал, мұндай қарым-қатынас Ислам дінінің маңызды бөлігі есептеледі. Сондықтан құрбандықтың қабыл болуы үшін шариғатта құрбан малына қатысты мынадай шарттар қояды: 1) Құрбандыққа қошқар, ешкі, ірі қара малдардан сиыр немесе түйені шалу. Еркек малды да, ұрғашысын да союға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, құрбандық малының еті татымды болғаны абзал.
Бір адамның атынан қой немесе ешкі союға болады. Ал, егер, кімде-кім екі қой сойса, оған екі құрбандықтың сауабын алады.
Түйе мен сиыр секілді ірі қара малды адам бір өзі немесе жеті адам болып, бірігіп союына болады.
Және жетеуі де құрбан малының етін садақа ретінде таратып беруге ниеттенуі қажет. Бұған Жәбирдің (оған Алла разы болсын) мына бір сөздері дәлел: « Худайбияда біз Алланың Елшісімен бірге жеті адам бірігіп жетеуіміздің атымыздан бір түйе, ірі қарадан бір сиыр сойдық» (Әбу Дәуіт, Муслим, Тирмизи).
2) Кемістігі жоқ малды құрбандыққа шалу. Дене мүшесінің үштен бір бөлігі жоқ, құлағы, құйрығы кесілген немесе бір көзі соқыр, ақсақ, тым арық және тісі жоқ малды құрбандыққа шалуға болмайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мынадай кемістігі бар мал құрбандыққа жарамайды: көзі қыли, ауруы айқын, ақсақ және арық» (Әбу Дауд, Муслим, Тирмизи).
Мүйізі жоқ, мүйізі сынған, құлағы тесілген жануарларды құрбандыққа шалуға болады. Піштірілген малды да союға рұқсат. Мұндай малдың еті майлы әрі дәмді болады және бұл айып емес. («Фатава Хиндиа», 5/344).
Құрбандыққа шалынатын малдың ақауы бар екені анықталса, оны дереу сау малға айырбастаған жөн.
Малды сойып жатқанда байқаусызда көзі ойылып немесе аяғы сынып кетсе, құрбандық ретінде шалына береді.
3) Малды құрбандыққа жас ерекшелігіне қарай шалу.
Құрбандыққа таңдалған қой мен ешкінің жасы бір жастан кем болмауы тиіс. Алты айлық болса да бір жасарға ұқсайтын семіз тоқтыны шалуға рұқсат. Ірі қара малдан сиыр екі жастан, түйе бес жастан бастап сойылуы қажет. (Раддул-мұхтар, 2/321). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мусиннадан басқасын бауыздамаңдар. Тек қиналған кезде ғана «жазаа» қойын союға болады (Әбу Дәуд, Мүслім, Нәсаи).
Мұндағы «Мусинна» деген сөз – кемеліне келіп, жетілген мал категориясына қатысты айтылады – түйеге – бес жыл, ірі қараға – екі жыл, қойға – бір жыл. Имам Әбу Ханифа, рахматуллаһи алейһидің айтуынша, қойға қатысты «жаза» сөзі олардың жасын, яғни, алты айлық екенін білдіреді.
Құрбан етін қалай бөлген дұрыс?
Құрбандыққа шалынған малдың етінен дәм ауыз тиіп, өзгелермен бөліскен абзал. Әйтсе де, құрбандық етін мұқтаж жандарға тұтастай таратып беруге де болады. Оны үш бөлікке бөлген дұрыс:
1. бір бөлігін өз отбасыңызға қалдырған жөн; 2. екінші бөлігін туған-туыстарға таратқан дұрыс; 3. үшінші бөлігін кедейлер мен мұқтаждарға үлесту қажет. Құрбандық малдың етін бұлай бөлісу – мандуб ( мақұлданған) амал.
Өзгелерге құрбан малының 3/1 бөлігін тарату мандуб саналады. Сондай-ақ, құрбан шалған адамның отбасы үлкен, тұрмыс жағдайы төмен болса, малдың етін тұтастай өзінде қалдырғаны жөн, себебі, өзге адамдарға қарағанда, өз отбасының мұқтаждығын өтеу анағұрлым маңызды.
Осы жайтқа ерекшк мән берген Алла Елшісі (с.ғ.с.): «кедей адам ең алдымен отбасының мұң-мұқтажымен айналысуы керек» деген.