Tayyab Journal / QAZ

Аллаға сену

Тәухид дегеніміз не?


«Тәухид» сөзі «бірқұдайшылық» деген мағынаны білдіреді. Мұсылмандар Құдайдың жалғыз екеніне сенеді. Ислам дініндегі бұл сенімнің ақиқатын ақыл тұрғысынан дәлелдеу өте оңай. 

Анығында бір ғана құдай болуы тиіс, себебі, екі құдай бір нәрсені жарату үшін бір-бірімен келісуі қажет. Ал, өзара келісім жасай алмаса, онда біреуінің әлсіз болғаны. Әлсіздікті құдайға тән сипат деуге келмейді. Тіпті екіжақты ымыраға келді деген күннің өзінде, мұның өзі әлсіздік деп танылады. Өйткені, келісімге келуге мәжбүр. 
Бұлай болуы сау ақылға сыймайды. 

Демек, тәухид – Алланың ешбір серігі жоқ деген сөз, затында да, сипатында да, тіпті амалдарында да теңдесі жоқ. Яғни, Алланың затына ұқсайтын ешбір болмыс жоқ, Алланың сипатын ешкім қайталай алмайды, Алланың жаратқанын басқа ешкім жарата алмайды. 
 Алладан басқа ешкім дүниені жаратып, оны басқара алмайды. Ол ғана құлшылыққа лайық. Шариғатты, яғни Заңды орнатуға Оның ғана құқығы бар. Алла Тағала басқа нәрселерге ұқсамайды, өзіне толықтай жеткілікті.

Көпқұдайшылық – Аллаға серік қосу. Араб тілінде көпқұдайшылықты «ширк» дейді.
 Ширк – Алла Тағала кешірмейтін ең үлкен күнә, сондай-ақ, көпқұдайшыларды мәңгі тозаққа апарады. Құдайға серік қосатын адам мұсылман бола алмайды. Демек, көпқұдайшылық үшін айып тағу — елестетуге келмейтін ең үлкен айып саналады. 
Білімсіздіктің кесірінен өзін мұсылман ретінде танитын адамды жазғырып, кінә артуға болмайды. Біреуге ширк боп көрінетін нәрсенің бәрі ширк емес.

Кейде мұсылмандар ширкке қатысты дүниелерді әсірелеп, шектен шығып жатады: болмашы нәрседен ширк тауып алады. 
Нағыз ақиқаттың ара жігін ажырату үшін білім алу керек. 
Мұндайда өміріңізге Құдайдан басқа біреудің ықпалы өтеді деген ойдан аулақ болған дұрыс. Кенеттен жолды кесіп өткен қара мысық та, аспанда жарқырап тұрған жұлдыз да, тіпті бақсы- балгер де сіздің тағдырыңызға әсер ете алмайды. 
Егер, Алла тағала әлдененің бар болуын қаласа, оған күллі адамзат та, жындар қауымы да тосқауыл бола алмайды. 

Сондықтан да, мұсылмандар: «Лә хаулә уә лә құуәта иллә билләһ» дейді, яғни:«Алланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ» дегенді жиі айтады.

Алла ешнәрсеге ұқсамайды

«Оған ұқсайтын ешнәрсе жоқ» - бұл Құран Кәрімдегі мұсылманның сенімін айшықтайтын аяттардың бірі («Шура» сүресі, 42-аят, 11-аят).

Бұл аят Ислам қағидасының түп мәнін айшықтайды. Алланың бейнесін кенепке кескіндеп, келбетін мүсіннен жасауға болмайтынын нақты дәйектеп тұр.  
Бұл ашық мәлімдеме. 

Ұлы Жаратушы мүлде ешкімге ұқсамайды. 
«Адам қандай деп елестетсе де, Алла оның сипатына сай келмейді».  
Осы наным тұрғысынан сараласақ, Алланы бір деп тану мен бірқұдайшылық атын жамылатын өзге дүниетаным арасында алшақтық байқалады. 
Ислам діні біздің Құдайды зат ретінде қарастырып, Оның бір жерде мекені тұрғанына, оған апарар белгілі бір бағыт (жоғары, төмен, оң немесе сол жақ) бар деп, шектеулі өлшемге салып қарауға болмайтынын түсіндіреді. Жаратылыстың бойындағы сипатты Жаратушыға жатқызуға болмайды, оны елестетудің өзі қателік, Құдайға жат нәрсе. 
Бәлкім, мұны келесі дәлелдермен байланыстыра отырып түсіндірген ыңғайлы шығар.
Бізді қоршап тұрған дүниенің барлығы айқын, белгілі нәрселер. Мәселен, тіршіліктегі кез-келген жанды не жансыз заттардың бәрінде өзіне тән ерекшеліктері бар, оның түр-түсін, айрықша белгілерін атап көрсетуге болады. Айналадағы дүниенің қай-қайсысында да мін бар, оның не екенін, қандай әлсіз тұсы барын анықтап сұрай аласыз. Біз өзіндік сипатына сүйене отырып, жан-жақты түсіндіреміз: көлемі қандай, жыныс ерекшелігі, жасы, тегі туралы айтамыз. Әр нәрсенің өзіндік өлшемі бар. Сапасын, өлшемін, қасиеті мен кемшін тұстарын білу үшін «Қандай? » деп сауал қоюға болады. Бұл сұрақтың жауабы жаратылыс иелерінің сипаттамасын анықтайды. Өйткені, Жаратушы әуелден-ақ әрбірінің шекті өлшемін бекітіп қойған. 

Мысалға Сафия деген қызды алайық.
— Оның жасы нешеде? 
— Ол бес жаста.
— Ол кімді жақсы көреді?
— Анасы мен әкесін. 
— Оның қандай қасиеті бар? 
— Ол өте жомарт, әсіресе көңіл-күйі көтеріңкі болған кездері барынан аянбайды. 
— Оның қандай кемшіліктері бар? 
— Ол қараңғыдан қорқады. 

Қыздың бойындағы бұл қасиеттірді кім бекітті? Әрине, Жаратушы Алла Тағала.
 Бірақ Алланың өзін ешкім жаратқан жоқ, сондықтан да Ол шекті сипаттардың өлшеміне сыймайды. 

Басқаша айтқанда, Жаратушының барлық қасиеттерін жаратылысқа қойған «Қалай?» деген сұрақпен айқындауға келмейді, оның сипаты мүлде өзгеше.

Демек, Алла тағала адам сипаттаған кез-келген өлшемнен өзгеше. 
Құдайды елестетуді доғару қажет. Әсіресе Алла Тағала жайлы көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан балалар дұға етерде оның қандай екенін елестетіп, қиялында суретін салып, әлдекімге ұқсатудан аулақ болғаны дұрыс. Осы аят адасудың алдын алады. 

Алла Тағала осы дүниені жаратқан

Әлемнің Жаратушысы бар екенін жеміс бағы жайлы мына бір мысалмен түсіндіруге болады:
«Таңертең бақшасына келген бақташы ондағы құлап жатқан ағаштарды көрсе, алапат дауылдың салдары деп біледі. Табиғи апаттан құлаған деп болжамдайды. Ал, егер, әрбір үшінші ағаш тамырымен қазып алынғанын байқаса, мұның қаскөйдің ісі екенін тап басып таниды. Өйткені, әлдекімнің қолымен жасалғаны көзге ұрып тұрады. Енді, қараңызшы, жерде жатқан он шақты ағаштың өздігінен құлағанына сенбейтін адам, мына әлемнің өздігінен жарала қалғанына сене қояды деп отырмысыз?.. 
Сонда, осынша үйлесімді дүниені өздігінен, кездейсоқ жаратылды деп ойлай ма? 

Алланың барлығына логикалық дәлел: 

Алғашқы шарты А: Бүгін біз дәл осы жерде бармыз. 
Алғышарт В: Өмірімізде біріннен соң бірі тізбектеліп, түрлі оқиғалар өтіп жатыр. Дәл қазір біз осы жерден табылсақ, демек, осы тұсқа дейін әлдебір оқиғалар орын алғаны анық, өздігімізден пайда бола салғанымыз жоқ қой. Олай болса, өміріміз бір жерден басталған. 
Кімде-кім бұл оқиғалар үздіксіз жалғасады, оның шегі жоқ дей тұра, шексіздіктің соңы бар деп сенсе, өзіне өзі кереғар келмей ме? Мәңгінің аяқталуы ақылға сыйымсыз нәрсе. Біреу «көліктің дөңгелегі тоқтамай, мәңгі айналса ғана көздеген жеріне жетеді» деп, соңынан «көлік көздеген жеріне жетіп алды» дегені сияқты. Егер, оның жүрісі мәңгіге созылса, ол ешқашан діттеген жеріне жетпеуші еді. 

Дүниенің бастауы болғандықтан, оны бастаған Жаратушының болуы заңды. Дүниенің басталуына дейін де әлдебір оқиғалардың орын алғаны анық. Ендеше, бастау мен жаратылыстың болуы бір нәрсе. Жарату дегеніміз — өмірге әкелу, жасау, оның бастауы бар деген сөз. 

Алладан өзгесінің бәрі жаратылған және оны «бейбітшілік» деп атайды. Алла Тағала жаратқан дүние араб тілінде «әл-аләм» терминімен аталады. Бұл термин «бір нәрсені меңзеу» мағынасында қолданылатын «әл-аламат» сөзінен шыққан.
Дүниенің өзінде (әл-әләм) оны жаратқан Жаратушының айқын белгісі бар.

Алланың сипаттары

«Сыфат» сөзі араб тілінде «сапа» дегенді білдіреді. Алла Тағаланың мінсіз қасиеттері өте көп – есебі жоқ, шексіз. 

Кем дегенде 14 сипатын білуіміз қажет. 

Алла Тағаланың сипаттарын екі топқа бөліп қарастырамыз: затия сипаттары мен субутия сипаттары:

Мұсылман баласы Алланы сипаттайтын мына бір қасиеттерді білуге ​​міндетті:
Бұл сипаттар тек қана Алла Тағалаға тиесілі, Одан басқа ешкім бұл сипаттармен сипатталмайды. Затия сипаттар – бесеу.

ЗАТИЯ СИПАТЫ

1. Әл-Ужуд (Бар) 
 Бар болу. Алла бар, жоқ болуы мүмкін емес.

2. Әл-Қидәм (әуелден бар, бастауы жоқ) 
Алланың бастауы жоқ, ол туылмаған, жаратылған жоқ. Басталуы бар әр нәрсенің Жаратушысы болуы керек. Алла жаратылмаған және басы жоқ (Алла Тағаланың уақытпен шектелмейтінін және уақыттың жаратылғанын түсінгенде, Алланың бастауы жоқ, шексіздігін түсіну оңайырақ).

3. Әл-Бақа (Шексіздік) 
Алла ның ақыры жоқ, мәңгі, Ол ешқашан өлмейді.

4. Әл-Уахдания (Бірегейлік) 
Алла бір, Оның серігі, теңдесі жоқ. Алла Тағала затында, барлық сипаттары мен істерінде жалғыз, біреу. Оған ұқсайтын ешкім жоқ.

5. Әл-Мухалафат лил-хауадис ( Жаратылыстарға ұқсамауы) 
Аллаһ жаратылғандарға ұқсамайды.

6. Әл-Қияму бинафсихи (Өзін-өзі қамтамасыз ету) 
Алла Тағала бар болу үшін басқа бір жаратушыға немесе белгілі бір мекенге, арнайы бір уақытқа, жалпы себепке мұқтаж емес. Ол ештемеге мұқтаж емес, жаратылыс оған мұқтаж. 

СУБУТИЯ СИПАТЫ

Алла Тағаланың Субути сипаттары сегіз. Олар мыналар:

7. Әл-Хайят (Өмір) 
Алла тірі, Ол мәңгі өзгермейді.

8. Әл-Илм (Білім) 
Аллаһ бәрін білуші, Оның білімі өзгермейді. Оған ненің, не болатыны әуелден аян. 

9. Әс-Сам (Естуші) 
 Алла Тағала тастағы жорғалап бара жатқан құмырсқаның да қадамын естиді. Есту үшін Алла Тағалаға құлақтың да, басқа құрылғының да қажеті жоқ. 

10. Әл-Басар (Көруші) 
Алла Тағала бәрін көреді, бірақ көздің немесе басқа нәрсенің көмегімен емес.

11. Әл-Ирада (Қалау) 
Алланың қалауынсыз ешнәрсе болмайды. Өмірде әр нәрсенің өзіндік заңдылығы байқалады: пышақ кеседі, өрт лаулайды т.с. Әйтсе де, айналадағы тіршіліктің барлығы тек Алланың қалауымен жүзеге асады. Ал, Алла қаласа, бұл жүйені бұза алады. Ибрахим пайғамбарды отқа тастағанда, жалын оған тиген жоқ қой. 

12. Әл-Құдра (Құдірет) 
Алла Тағала үшін мүмкін емес нәрсе жоқ, Оның қолынан бәрі келеді.

13. Әл-Кәләм (Сөйлеуші) 
Алланың сөзі ешбір жаратылыстың үніне ұқсамайды, дыбыс пен әріптерден тұрмайды. Құран мен өзге де киелі кітаптар — Құдайдың сөзі. Құранды ешкім жасап шығарған жоқ, ол мәңгілік сипатқа ие. 

Әйтсе де, осы өмірде Құранды әлдебір қари оқитын болса ғана оны жаратты деуге келеді. Бұл діндегі өте күрделі сұрақ, және оның жауабы да кітаптарда жан-жақты талқыланады. Ең бастысы, Алланың сөзі мәңгі екеніне, жаратылмағанына күмән келтірмесеңіз болғаны.

14. Әт-Таквин (Жаратушы) 
Алла – Жаратушы, Ол бәрін жоқтан жаратты. Бір нәрсенің бар болуын қаласа, оны жаратады; қаламаса, жасамайды. Алла бұл дүниені жаратуға міндетті емес. Бірақ Ол қалап, оны жаратты. Алла Тағала жаратуды қажет етпей-ақ жаратады (бұл қисынды, өйткені Алла ештеңеге мұқтаж емес).

Алла Тағаланың илләһи қасиеттері адамдық қасиеттерден түбегейлі ерекшеленетінін есте ұстаған жөн, кейде бір сөз қолданылғанымен, екі түрлі мағынаны білдіреді. 
Мәселен, Алла сөзінің мәні адам ойлағаннан мүлде бөлек. Алланың сипаттары жаратылмаған, әуелден бар, мәңгі сипаттар. 

Шейх Әбу Адам әл-Наруиджи Аллаға сенім туралы


Заманауи ислам ғалымы, шейх Әбу Адам әл-Наруиджи өзінің шағын мақаласында Аллаға деген сенімнің мәнін тарқатады:
«Аллаһ» сөзі араб тілінде «Тәңірлік қасиетке ие» деген мағынаны білдіреді және бұл Жаратушылық құдіретті танытады. Жарату дегеніміз — бір нәрсені бастау дегенді білдіреді.
Кез келген дүние, мейлі ол зат болсын, іс-әрекет, ой болсын, олардың барлығы әлденеден басталған, демек, барлығы жаратылды. 
Алладан басқа ешкімнің де, ешнәрсенің де жаратуға құдіреті жоқ, қалғанының бәрі Оның жаратылысы. 
Оның ғана басы мен соңы жоқ. Сол себепті Ол құрмет пен тағзымға лайық. 
 Ол ешнәрсеге мұқтаж емес, бірақ бәрі Оған мұқтаж.
Сондықтан Алланы сөз еткенде орыстың «Құдай» деген сөзін қолдануға болады.
Дегенмен, мұсылмандар Құдайды «Алла» деп атағанда, оны жыныс бойынша жіктемейді. Құдай еркек те, әйел де емес, тіпті жаратылыс та, зат та емес. Ол тек кемел сипаттармен сипатталады, пенделік өлшемдерге (бала, жолдас, жар, бақталас секілді сипаттарға) сыймайды, жаратылыс сипаттарынан пәк.
Жаратушының қасиеттері жаратылғанның қасиеттеріне ұқсамайды, өйткені Жаратушының  қасиеттерінде басы да, соңы да жоқ. Ол уақыт пен кеңістікке шектелмейді.
Ол барлығын жаратты, соның ішінде: табиғат атаулыны, алуан түрлі түстерді, қараңғы мен жарықты, ыстық пен суықты, жақсылық пен жамандықты да жаратты, барлығы Оның ішінде. Сондықтан, біз шектеулі қиялымызбен шексіздікті тани алмаймыз. Мұсылмандардың «Сен қалай ойласаң да, Алла Тағала сен ойлағаннан мүлде өзгеше» дейтін себебі сонда. 
Мұсылмандар Алланы абсолютті Бірлік қасиетімен сипаттайды. Оның серігі де, теңдесі де жоқ. Оған ешкім ұқсамайды.

Пұтқа табынушылар Алланың қосағы, серігі барына, сенеді. Әйтсе де, бұл мүмкін емес. Өйткені, біреуі әлденені қаласа, екіншісінің талғамы өзгеше болары анық, өзара тартыс соңы біреуінің жеңілісімен бітер еді. Қалағанына қол жеткізе атмайтын, сәтсіз Құдай болушы ма еді? 

Енді бір діни сенім тұрғысында Құдайды үш бөліктен тұрады деп біледі. Бұл да ақылға сыймайды. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Себебі, бір бөлшегі екіншісіне мұқтаж. Мұқтаждық Құдайға тән емес.  

Жаратушының бар екендігіне күллі Ғалам куә.  
Енді, мынаған қараңызшы: бөлшектерден тұратын әлдебір затты көрсек, оны «біреу жасады» дейміз. Көлікті алайық, оны біреу бастап, құрастырып жасағаны анық. 
Егер, қарапайым көліктің өздігінен пайда болғанына сенбесек, күллі ғаламның кенеттен пайда бола қалғанына сену мүмкін бе? 

Бұл ақиқатты мойындаған адам Алла Тағаланың да шектеулі сипаттардан тұрмайтынын қабылдауы тиіс: «Мынаны кім жасаған?» деп, Алла туралы айта алмаймыз, өйткені, оның салмағы, көлемі, ұзындығы, ені мен пішіні, шектері, шамасы мен құрылымы, қимыл қозғалысы (физикалық өлшемі) мен қашықтығы да, бағыты да жоқ. 
Тоқ етерін айтқанда, Алла Тағаланың жаратылыстың ешбіріне ұқсастығы жоқтығын қабылдауыңыз қажет. 

Мұсылмандардың: «Оның теңдесі жоқ», яғни Оған ешнәрсе ұқсамайды, дегені осы.
Мұсылмандар Алланы өмірдің шектеулі таным тетіктерімен тану мүмкін еместігін алға тартады, Ол ешбір сипатқа сай келмейді, атап айтқанда Оның Көру, Есту, Сөйлеу, Білу сипаттары өзгеше, Ол — кемел. Анығында,  өлім, соқырлық, кереңдік, мылқаулық пен надандық әлсіздіктің көрінісі. 

Осы айтылғандарға қосарымыз: Алла Тағала барлық заттардың сипатын әуелден белгілеп, содан соң оларды жаратқаны анық. Демек, біз Алла Тағаланың Қалауы мен Құдіреті бар деген түйін шығаруымыз қажет. Оның Қалауы мен Құдіретінің де басы жоқ, соңы жоқ және Құдайдың қасиеттері секілді, Ол да ешқашан өзгермейді. 

Сонымен, біз мұсылмандардың Жаратушы жайлы нені біліп, неге сену керектігі жайлы аз-кем айтып өттік. 

Алайда, Алланың қасиеттері шектелмейді, өйткені Алланы шектеуге болмайды және оның шегі де, кемшілігі де жоқ.