Берекет табудың 18 жолы
Мұсылмандардың бір біріне береке тілеп жатқанын жиі естуге болады. Берекенің мән-маңызын бүгінгі мақаламызда қарастырамыз. Береке-Алла Тағаланың нығметі. «Баракат» сөзі араб тілінде «рахым» деген мағынаны білдіреді.
Анығын айтқанда, мұсылманның айналасындағы қоршап тұрған кез келген дүниеге Алла тағаланың шексіз рахымының түсуі.
Адамзат баласы үнемі молшылық пен дәулетке кенелгісі келеді. Әйтсе де Алла тағаланың нығметімен нәсіп болған байлық қана адамды анағұрлым бақытты ете түседі.
Алланың берекесі сіңген болмашы ғана дүниенің өзі орасан зор пайдаға асады.
Алланың әміріне мойынсұна отырып, ізгі ниетпен жасалған амалдарға берекет бітеді.
Анығында біз қандай жағдайда болмасын, мейлі ол отбасы ахуалы ма, бала- шаға, қарым қатынас, денсаулық, тіпті қаржы мәселесінде де Алла тағаланың рақымына мұқтажбыз.
Адам баласын Алланың рақымына бөлейтін игі амалдар бар.
1) Шынайы ықылас
Амал- әрекеттеріңізге береке дарысын десеңіз, әрбір істі шынайы ықыласпен бастаңыз.
Шынайы ықылас — Ислам дінінің негізі, және әрбір амал үшін — ниетіне қарай үкім шығарылады. Әрбір ісіңіз Алланың разылығы үшін жасалғаны маңызды.
Алланың разылығы үшін жасалмаған ешбір амалға береке дарымайды.
2) Сенім және Тақуалық
Құран Кәрімде: «Егер (сол) ауылдардың тұрғындары иман келтіріп, (Алланың азабынан) сақтанса, әлбетте, оларға жарылқау бар [әрбір жақсылық есіктерін» ашар едік. ] көк пен жерден [әр тараптан] рахым түсірер едік.» (7:96).
«Кімде-кім Алладан (әмірлерін орындап, және тыйымдарынан тыйылса) қорықса, Ол (кез келген қиын жағдайдан) шығар жол береді және оған (қорыққанға) күтпеген жерден ризығын береді. » (65:2-3).
3) Алла Тағаладан үміт
Құранда: «Кім Аллаға тәуекел етсе, оған Ол жеткілікті. (Расында) Алла өз ісін (соңына дейін) аяқтайды. (Әрі) Алла әр нәрсеге бір өлшем қойды» (65:3).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Аллаға шынайы тәуекел еткен болсаңдар, Ол сендерді де, таңертең аш қарынмен ұшып, кешке ұясына тоқ болып оралатын құстарды азықтандырғаны секілді, сендерді де ризықтандырар еді».
4) Құран оқу
Берекеттің қайнар бұлағы осы! Құран Кәрімде: «Бұл (Құран) саған түсірген, мүбәрәк (үлкен пайдасы бар) әрі өзінен бұрын түсірілгеннің ақиқатын растайтын бір кітап», - делінген. 6:92).
Қасиетті Құран Кәрімді оқу арқылы қаншалықты мейірім мен рахымға бөленеріңізді ұмытпаңыз. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран Кәрімнен оқылған әрбір әріп үшін сауап берілетінін, бұл сауаптың он есе арта түсетінін айтқан. Субханаллаһ, бұл сондай жеңіл амал!
5) «Бисмиллә»
Мұсылманның әрбір іс-әрекеті қасиетті сөздермен және Алла Тағаланың есімімен басталады. Әрбір амалыңды Бисмилләмен бастасаң, Алланың разылығы мен рақымына ие боласың. «Бисмиллә» – ең қарапайым әрі қысқа дұға, бұл дұға бізді шәйтанның азғыруынан сақтайды.
6) Ортақ дастархан
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ортақ дастарханда береке бар», - деген. Сондай-ақ мына бір хадисте былай дейді: «Екі адамға жететін азығы бар адам үшіншісін шақырсын, ал кімде төрт адамға жететін азығы болса, бесіншісімен немесе алтыншысымен бөліссін".
7) Саудадағы адалдық
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Тұтынушы мен саудагер өзара мемілеге келе алмаған жағдайда, айғақты дәлелдерін ұсынуына болады. Ал, осы тұста саудагер өз өнімінің кем-кетігін ашып айтып, ақиқатқа жүгінер болса, оның саудасына береке дариды, ал, кейбір дүниені жасырып қалса, Алланың нығметінен айырылады.
8) Дұға жасау
Алладан берекет сұраңыз. Дұға – Жаратушы мен Оның құлы арасындағы байланыс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі Алла Тағаладан береке сұрап, дұға еткен. Дұға ету арқылы Алла Тағалаға жақындай түсесің, және Оның рахымы жауады. Жалпы, Алланың разылығын алуға бағытталған әрбір іске береке дарып, нығмет әкеледі.
9) Халал (адал) табыс пен халал ас
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла тағала ізгілікті сүйеді, сондықтан тек қана игі амалдарды қабыл етеді», - деген.
Бұл хадис Алланың рұқсатымен тұтынуға болатын таағамдарға қатысты айтылған. Анығында, харам жолмен табыс тауып, харам асты жеген адам өзі қаласа да, қаламаса да, Алланың әміріне мойынсұнбаған саналады, ал, адал еңбекпен, адал ас ішкен жанның жүрегі ықыласқа бөленеді.
10) Барлық істе Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін ұстану
Бүкіл адамзат тарихындағы ең үлкен нығметке бөленген адам — пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.).
Ол — барлық мұсылман баласының үлгі тұтар тұлғасы. Біз, одан үлгі алуымыз қажет. Пайғамбарымыздың сүннетін зерделеп, үлгі тұту арқылы бой түзеп, ізгілікті ұстанамыз, сол арқылы Алла Тағаланың рақымына бөленеміз.
11) «Истихара» дұғасын оқу
«Истихара» – Алладан қандай да бір істің қайырын сұрап дұға ету, ол істің артында әлдебір қиындық болса, содан пана тілеу. Мұсылман баласы әр құлшылығында Аллаға жүгініп, мына фәни дүниеде болсын, ақіретте болсын, өзінің қалауына қарағанда Жаратушының қалауы анағұрлым құнды екенін түсініп, қабыл алғаны жөн.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге истихара намазын қалай оқу қажетін үйретті.
Ол былай дейді: «Егер кімде-кім әлдебір істі бастауға ниет етсе, әуелі екі рәкәт нәпіл намазын оқып, былай деп дұға етсін:
«Уа, Аллам! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретімен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында меніңкүш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал Сен барлық нәрсені білесің. Әрі Сен көместі де толық көрушісің. Ей,Аллам! Егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, (немесе былай дейді: қазіргі өмір тіршілігім де келешекте) (бұл істің) мен үшін хайырлы екендігін білсең, оны маған нәсіп ете гөр.Әрі маған ол істі оңай етіп, кейін оны мен үшін берекелі ет! Ал егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында (немесе былай дейді: қазіргі өмір тіршілігім де келешекте) (бұл істің) мен үшін жаман екендігін білсең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр».
12) Алла Тағалаға шүкіршілік
Құранда Алла Тағала: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге одан да көп беремін. Ал егер шүкірлік етпесеңдер, менің азабым ауыр» (14:7).
13) Қайырымдылық
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ей, Адам баласы, қайырымдылық жаса, мен де саған қайырым қыламын», – дегені айтылады.
Берекет табудың ең жылдам жолы – мұқтаждарға көмектесу, зекет және садақа беру. Садақаны тек ақшамен ғана емес, жылы сөзбен де беруге болады. Өзгелерге қол ұшын созу арқылы жүректер күнәдан тазарып, Алланың рахымы түседі.
14) Туыстық байланыстарды нығайту
Құранда Алла Тағала былай дейді: «Алладан (қаһарынан) қорқыңдар және туыстық байланыстарды үзуден сақтаныңдар. Расында, Алла сендерді бақылап тұрады!» (4:1)
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім ұзақ өмір сүргісі келсе, және кімде-кім отбасына береке кірсіг десе, туған-туыстарын есіне алсын», – деген.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Алла Тағала айтады: «Мен Рахымдымын, және мен туыстық байланыс орнатып, оған өз есімімді бердім. Туыстарымен жақсы қарым-қатынас жасағандармен біргемін, ал, байланысын үзгерден мен де арамызды үземін» (Табарани).
15) Ерте тұру
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағала үмметім үшін алғашқы сағаттарды берекелі қылды», - деген.
Тәһәжжүдке тұрыңыз, таң намазын оқыңыз. Алланың рахымы түсетін қадірлі уақытты өткізіп алып, өкінішке қалмаңыз. Жұмыс жүргізуде өзге уақытқа қарағанда Тәуліктегі бұл сағаттар әлдеқайда өнімдірек.
16) Неке
Неке – ізгі амал және ол берекет әкеледі. Құранда былай дейді:
«(Ей, мүміндер) өздеріңнен (мүміндерден) некесіздерді (ерлер мен әйелдерді) және қолдарыңдағы құл мен күңнің ішіндегі (меншіктеріңнен) жөні түзулерін (мүміндерді) үйлендіріңдер. Егер олар [еркін және бойдақ] кедей болса, (бұл некеге кедергі емес, өйткені) Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. [Неке – кедейліктен құтылуға себеп.] Және (шын мәнінде) Алла [барлық нығмет иесі], (құлдарының жағдайын) толықтай білуші!». (24:32)
17) Намазды қалдырмаңыз
«(Уа, Пайғамбар) отбасыңа (намаз оқуды) бұйыр және оған өзің де көңіл бөл. Біз [Алла] сенен көп нәрсе сұрамаймыз, Біз сені ризықтандырамыз (фәниде де, бақида да) және соңғы табыс тақуаларға тиесілі (Алладан қорыққандарға )» (20:132).
Осы ғибадатсыз өміріңізді елестетіп көріңізші? Мұндай өмірде берккет болуы мүмкін бе? Намаз – мұсылмандық ғибадаттың түп негізі, онда — Алла Тағала разылығының кілті бар.
18) Күнәларыңыздың кешірілуін сұраңыз
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Алладан үнемі кешірім тілесе, Алла Тағала оған кез келген қиындықтан шығудың жолын белгілеп, барлық уайымынан арылтады және күтпеген жерден ризық береді.»
Алла тағала сауапқа кенелуді нәсіп етсін!
Сілтеме: Islam Today