Tayyab Journal / QAZ

Визуалдау

Визуалдау дегеніміз – қиялыңдағы қалаған дүниеңді шындық секілді елестету, бейнесін көз алдыңа әкелу әдісі ретінде ғана емес, сонымен қатар мақсатқа жетудің ең тиімді құралдарының бірі саналады. 

Бұл құралдың құдіретін және оның ми жұмысымен тығыз байланысын жоққа шығармаңыз. 
Әуелгі кезекте визуалдау әдісі түпсананың жасырын мүмкіндіктерін іске қосады және қиялды дамытып, сананы кеңейтеді. Мұнда ешқандай сиқыр немесе эзотеризм жоқ, бұл ми жұмысының айқын әрі қарапайым құбылысы. 

Өйткені, ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, ми қиял мен шындықты ажырата алмай, бірдей қабылдайды екен. 

Сондықтан, адам басынан өткен әлдебір оқиғаны есіне түсіріп, сол мезеттегі сезімді қайта сезінер болса, ондайда ми сол сәтті қазір өткеріп жатқандай қабылдап, тұла бойды түрлі әсерге бөлейді, ашуланып, кенеттен үрей билеп, немесе әлденеге алаңдай бастайды. Бұрын қандай күйді өткерсе, дәл сол кездегідей эмоциялар бой көтереді. 

Сол себепті, сіз бір нәрсені еске түсіргенде немесе болашағыңызды елестеткен кезде, адамның физиологиялық құрылым ерекшелігіне сай ағзада түрлі химиялық заттар түзіліп, ми қабатында гормондар пайда бооады. 

Яғни, ми үшін өткен шақ, болашақ деген түсінік атымен жоқ, ми тек қазіргі сәтті, дәл осы мезеттегі өзгерістерді ғана қабылдайды. Ми жұмысын ғалымдар тереңірек зерттеген сайын, визуалдау әдісінің соғұрлым пайдасы зор екені дәлелденіп отыр. 

Ми қандай жағдайда болмасын, мейлі ол басыңыздан дәл қазір өткеріп жатқан оқиға ма, әлде сол жайлы сіздің қиял-естеліктеріңіз бе, бәрібір екі жағдайды да бірдей қабылдайды. 
Біз болашағымызды елестетіп, жоспарлап, бейнесін көз алдымызға әкелген кезде, мидың да өзгеше ойлап, әрекет етуге қатысты жаңа бір нейрондық байланысы түзіледі. 

Нейрондық байланыс дегеніміз не?

Нейрон тізбектері дегеніміз — келіп түскен ақпараттар мен өткерген тәжірибеге жауапты мидың жүйке жасушалары болып табылады. 

Мида үнемі жаңа нейрондық байланыстар түзіліп отырады, ал егер, осы байланысты үздіксіз ынталандырып, әлденені жиі-жиі елестіп, қиялдап, жоспарлап, армандар болса, ми жасушаларының белсенділігі артып, жаңа қабілеттер жылдам қалыптасады. 

Визуалдау әдісі адам өмірінің кез келген саласында үлкен жетістіктерді бағындыруға айтарлықтай септігін тигізеді. 

Өткен ғасырдың 70-жылдарында Беркли университетінде түрлі тәжірибелер жүргізілген, нәтижесінде, визуалдау әдісін өздерінің күнделікті жаттығуларымен қатар үйлестірген спортшылардың жетістігі көш озық болған және мұны дәлелдейтін көптеген оқиғалары да бар.

Дәл сол секілді ұшқыштар да, көлік жүргізушілері мен өзге де сала өкілдері визуалдау арқылы ми белсенділігін арттырып, тиісті нәтижеге жетуге тырысқан. 

Бұл тәсілдің, атап айтқанда визуалдау әдісінің бүкіл құпиясы — зейінді шоғырландыруға үйрететіндігінде, яғни ол құрғақ қиялға емес, саналы түрде қабылдаған ниетке негізделеді. Міне, сол себепті, оның нәтижесі де зор. 

«Сендердің біреулерің Аллаға жалбарынса, ниет етсін» (Бұхари, Муслим).

Негізінде, визауалдау - бұл дұғаның (тілектің) егжей-тегжейлі көрінісі. Адам өзінің нені қалайтынын және қалай боларын анық біліп, армандап қана қоймай, өз мақсатына қажетті қадамдарды жасағанда ғана жүзеге асады. 

Шындығында, өзінің нақты не қалайтынын, және оның нақты мөлшерін, көлемін, санын анық білетін жандар ғана жетістікке жетеді.

«Жаратушының міндетті түрде жауап қайтаратынына кәміл сеніммен дұға етіңдер. Және естеріңде болсын, Ол жүректері қуыс әрі немқұрайлы адамдардың дұғасын қабыл етпейді» (әт-Тирмизи).

Адам өзінің не қалайтынын нақты біліп, соған жету жоспарын құрып, тиісінше әрекет етуі тиіс.

Сол кезде мида жаңа нейрондық байланыс орнап, адамның мінез-құлқы өзгереді, жаңаша тәжірибе қалыптасып, ол көбірек мүмкіндіктерді байқай бастайды, тың қабілеттері оянады. 
Кудси хадис арқылы Алла Тағаланың мынандай сөздері бізге жеткен:

«Құдіретті әрі Ұлы Алла: «Құлым Мен жайлы қалай ойласа, мен дәл сол ойлағандай боламын және Мені еске алған жерде Мен де онымен біргемін...» (Бұхари, Муслим).

Бұл хадистің басқа нұсқасында:

«Ақиқатында, Алла Тағала: «Құлым Мен туралы ойлағандай, мен де құлыма солай қараймын. Егер ол Мен туралы жақсы ойласа, Мен оған жақсылық жасаймын, ал егер ол Мен туралы жаман ойласа, Мен оған жамандық жасаймын» (Ахмад, Ибн Хиббан).

Демек, егер де сен өмірді сүреңсіз, қара түнек ретінде қабылдасаң, сенің қабылдауыңа қарай Жаратушы да өмірдің қараңғы тұстарын алдыңа тосады, ал, егер, өмірдің жарқын сәттеріне назарыңды аударып, мағыналы болашақты елестетіп, әрбір сәтін көз алдыңа әкеліп, дұға етер болсаң, Алла тағаланың солай жасарына шүбәсіз сенсең, расында өмір сіз қалағандай түрлене түседі.