Tayyab Journal / QAZ

Не себепті мұсылмандар несие алудан қорқады?

Несиеге өмір сүру қазіргі заманда адамдардың әдетіне айналып барады. 

Байқасаңыз... айналамыз тұнып тұрған несие жайлы ақпарат. Әр қадамыңды торуылдайды.  Санаңды шырмап алады: жарнама тақталарынан (әр қиылыста бар), қоғамдық көліктер, автобус жақтауларында, тіпті көгілдір экран мен газет беттерінен жарқ ете түседі.  Ол аздай, «Тегін несие », «Автокөлікке жедел несие», «Ипотека» деген жарнама әр тұстан шыға келеді. 

Талайымыз ипотекаға сатып алған пәтерде тұрамыз, кейбіріміз несиені жабу үшін сол пәтерді жалға беруге мәжбүрміз. 

Қазіргі таңда банк жүйесі клиенттерді несиеге байлап қойған. 

Әйтсе де, мұсылмандардың көбі несие алуға үзілді-кесілді қарсы, өкінішке қарай, несиеге ұрынғандар да жоқ емес.  Мұсылмандардың несиеден бас тартуының себебі қырсықтықтан емес, Жаратушының үкімі болғандықтан бойын аулақ ұстайды. 

Несие мен пайыздық өсім жайлы Киелі жазбаларда былай делінген:

«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар» дейді «Бақара» сүресі, 278-279 аяттар. 

Аяттың мағынасына үңілсек, Ислам дінінде пайызға ақша беріп, оны өсіммен алуға тыйым салынғанын байқаймыз.

 Алла Тағала мүмін құлдарына тақуа болуды бұйырады. Адамзат баласын өзінің қаһарынан сақтандырып, мейірімінен алыстатар амалдарды ескертеді. 

 «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, өйткені Ол барлық істеріңді бақылаушы. «Қалған пайызды алма», яғни адамдардан пайыз алма, «Егер мүмін болсаңдар» деген. Нақтырақ айтқанда, Алла тағала сауда жасауға рұқсат еткенімен, өсімқорлықты харам санаған. 

Бұл аяттың өзіндік тарихы бар. Ислам діні келгенге дейінгі дәуірде өсімқорлық белең алып тұрған. Сақиф тайпасынан шыққан Амру ибн Умайр мен Махзум тайпасынан шыққан әл-Муғир арасында өсімқорлық келісім болған. Кейін келе, екі тайпа да Ислам дінін қабылдайды. Сақиф тайпасы әл-Муғира тайпасынан келісім-шартты өтеуді талап етеді, ал, бұған әл-Муғира тайпасы былай деп жауап қайтарған: «Ислам діні бойынша қарызды өсіммен төлеуге болмайды» дейді.

Арада түсініспеушілік орын алады. 

Сол кезде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккедегі орынбасары Итаб ибн Усайд мән-жайды айқындау мақсатында хат жазады.  Хатқа жауап ретінде осы аят түсірілді: «Әй, иман келтіргендер! Мүмін болсаңдар, Алладан қорқыңдар, пайыздың қалғанын алмаңдар! Ал егер мұны істемесеңдер, Алла мен Оның елшісі сендерге қарсы соғыс ашып жатқанын біліңдер».  Осыдан кейін олар: «Аллаға тәубе етеміз, қалған пайызды алмаймыз», – деп, барлық пайыздан бас тартты. 

Бұл оқиға Ибн Журайж, Муқатил және әс-Суддиден келіп жеткен. 

Байқағанымыздай, бұл аят өсімқорларға төніп тұрған үлкен қатерді, Алланың қаһарын ескерту ретінде жетіп отыр.

Ибн Журайж Ибн Аббас бұл аят туралы былай дегенін жеткізген: «Егер мұны істемесеңдер, Алла мен Оның Елшісі сендерге соғыс ашатынын біліңдер». Яғни, бұл: «Аллаһ пен Оның Елшісінің сендерге соғыс ашатынына сенімді болыңдар» деген сөз. 

Демек, өсім алсаң, Алла мен Оның елшісінің іліміне қарсы шығып, үлкен күнә жасайсың! Соғыс – дұшпандық, сондықтан, рахымы мен мейірімінен үміт күткен Жаратушыңа қарсы шығу әбестік. 

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қоштасу қажылығы кезіндегі уағызында былай деген:
«Надандық кезеңінің барлық қыңырлығы (осы күннен бастап) жойылды деп саналады, сіздің бастапқы жинағыңыз қалады. Сіз әділетсіздік жасамайсыз және сізге әділетсіздік жасалмайды, және мен бәрінен бұрын біздің отбасымыз — Аббас ибн Абд әл-Мутталибтің өндіріп алуына тыйым саламын!",- деді ибн Әбу Хатим.
 
Алла Тағала өсім мен өсімқорлыққа қатаң тыйым салғанымен, бүгінде бүкіл әлем, соның ішінде мұсылман қауымы да өсімқорлықтың ықпалында.

Біз несие алудың айыбы жоқ деп білеміз, сол себепті еш қысылмастан ала береміз. Әйтсе де, бұл үлкен күнә саналады. Абу Даудтың мәлімдеуінше, өсімнің тигізер залалын алдын ала білген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Расында, өсімқорлыққа ұрынбаған бірде бір адамды таба алмайтын уақыт келеді. Тіпті өсімқорлықтан аулақ деген адамның өзінде несиеге әлдебір қатысы болады». 

Несиеге байланған адам өз арман-қалауынан шектеледі. Бір қарағанда, сол арманға деген асығыстық несиеге ұрындырды. Бірінен бірі туған, бірінің соңын бірі қуған шыр айналған шеңбер деуге келеді. Шектеулі шеңберден шыға алмай, шырғалаңға батқан жандар. 

Анығында, асығыстық арыға апармайды. Біз сабырды ұмыттық. Қаржы жинап, тағат етуден, қанағат етуден қалдық. Ал, шыдамсыздық — нәпсіқұмарлық пен ашкөздікке апарады. Сабыр — осылардың алдын алып, Алла Тағаланың хақ жолына жөн сілтейді. 

Сабырдың бір жемісі — молшылық, сол себепті байлыққа жету жолында имансызы да, құдайды танымайтын атеистері де сабыр сақтайды. 

Әйгілі өнертапқыштан жетістігінің құпиясын сұрасаң, ойланбастан: «100 пайыз еңбегімнің 99 пайызы шыдамдылыққа сүйенді. Тек бір бөлігін ғана шабыт жетеледі» деп жауап қайырады. 

Алла Тағала Құранда (мағынасы): «Алла оларға сабыр еткендері үшін жәннат берді», – дейді. Екінші аятта (мағынасы): «Жәннәт тұрғындары, жәннатқа кірушілер, сабыр еткендері үшін Алла Тағаланың сыйы – жәннаттағы сарайларға ие болады және олар сол жерде басқалардың сәлемін ғана естиді», – делінген. Үшінші аятта (мағынасы): «Сәлем сендерге, сабыр еткендеріңмен жәннатқа кіретіндер және бұл соңғы мекен қандай әдемі!» - делінген.


Алла Тағала осы сөздерді Қиямет күні естуімізді нәсіп етсін! Аумин

Сілтеме: azan.kz